Нөмір No: SCP-377-KK
Нысан тобы: Мемет
[сот процесінің жазбасының үзіндісінің транскрипциясы: басы]
Сот приставы: Тұрыңыздар, сот келе жатыр.
[Процес қатысушылары тұрып, отырады]
Сот (Әділжановна Жанәділ): Сәлеметсіздер ме, отырыңыздар. Бүгін, СҚҚ Ұйымының қағида кодексінің 2-бабының 1-бөлімімен айыпталған SCP-377-ға қатысты бұзушылық іс сот процесінде қарастырамыз. Хатшы, іске қатысушылар толығымен келді ме?
Хатшы (Пәленшеева Пәленше): Ия, құрметті сот, сот отырысы залындағы куәгерлер - Оқырманов Оқырман, Жазушыновна Жазушы және Мария Джонс.
Сот: Сотталушы, орныңыздан тұрыңыз.
[сотталушы орнынан тұрады]
Сот: Сотталушы, тегіңізді, атыңызды, туылған жылыңызды және қай жерде тұратыныңызды айтыңыз.
Сотталушы (SCP-377): Мен, SCP-377, 2024 жылы, мамырда СҚҚ Ұйымының 465-аумағында, 16-ншы кабинетте дүниеге келгем, тұрғылықты мекен-жайым: 465-аумақ, объектілер склады, 5-інші қатар, 3-інші ұяшық. Бұрын-соңды сотталмағанмын, бүгін қамаққа алынғанмын.
Сот: Отырыңыз. Сотталушыға тағылған айыптың мәнісін баяндау үшін сөз ұйымдық айыптаушыға беріледі.
Прокурор (SCP-377-1): Құрметті сот және сот отырысына қатысушы тараптар мен өкілдер. 2024 жылы, бүгінгі күні сотталушы SCP-377 Ұйымның Серверіне кіріп, ішіне өзін қоспақшы үстінде қолға түсті. СҚҚ Ұйымының қағида кодексінің 2-бабының 1-бөліміне қарасақ "Сапасы төмен мақалаларды көптеп жарияламаңыз" деп жазылған. Сотталушы 1-бөлімдегі қағидатта айтылған саны мәселесінен емес, сапасынан айыпталынып отыр.
Сот: Сотталушы, өзіңізге тағылған айыптың мәні түсініктіме?
Сотталушы: Айыптың мәнісі түсінікті, бірақ тағылған айыпты мойындамаймын.
Қорғаушы (SCP-377-2): Қарсымын! Кешіріңіздер, қолайлы емес сәт болса, бірінші ісім еді, бірақ, ия, прокурор мырзамен қарсымын. Бәріңіз білетіндей, егер оқып-таныссаңыз, әрине, Ұйымның қағида кодексінде ережелердің нақты-нақты егжей-тегжейлері жоқ, содан, мақалаларға да қатал критерийлер қойылып, жазылмаған. Сондықтан клиентімнің сапасы субъективті түрде бағаланады.
Прокурор: Мақалалардың тек санына ғана қарасаңыз, бірақ одан да кем дегенде бірнешеуін ашып, таныссаңыз, олардың айналасында объективті стандарттардың бар екенін анықтай көре аласыз. Ал соттаушы оларға сәйкес келмейді. Құрметті сот, сотталушы өз кінәсін мойындамай тұрғандықтан куәларды жауаптауды ұсынамын.
Қорғаушы: Мемлекеттік айыптаушымен келісемін.
Сот: Түсінікті. Куәгер Мария Джонс, орныңыздан тұрыңыз. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 365-бабының талаптарына сай, өзіңізді таныстырыңыз, тұрғылықты жұмыс орныңызды атап өтіңіз.
[Куәгер орнынан тұрады]
Куәгер: Құрметті сот, кешіріңіз, түсініспеушілікті жою үшін, бір сұрақ қоюға болама? Неге бұл сот мәжілісі Қазақстан Республикасының заңдарымен жұмыс істейді?
Сот: Сот процесінің, былайша айтқанда, тақырыбы ұлтына қарағанда бейтарап болып тұр, себебі СҚҚ ұлттық ұйым болып саналады, ал процеске тақырыбымен ең жақын мемлекет ол Қазақстан Республикасы, себебі қылмыстық іс осы елдегі аумақта орын алды.
Куәгер: Жақсы. Мен, Мария Джонс, [ДЕРЕКТЕР ЖОЙЫЛҒАН], қазіргі сәтте Мұрағат және ақпараттық қауіпсіздік басқармасының директоры болып жұмыс істеймін.
Сот: Олай болса сотқа қатысып отырған жәбірленушімен қарым қатынасыңыз қандай?
Куәгер: Ұйым Сервері менің туысқаным болып келеді.
Сот: Мемлекеттік айыптаушы, куәгерді жауаптай беруге рұқсат.
Прокурор: Рахмет. Мария, болған жайды айтып беріңізші.
Куәгер: Жәбірленуші Ұйым Сервері менің туысқаным, бірақ, шынымды айтқанда, оны баламдай көремін. Мен оны бұрыннан білемін, тіпті қанша жыл бойы онымен жұмыс істегенім есімде жоқ. Бір әдеттегідей күні Ұйым Серверінің есігіне сотталушы… SCP-377 баса-көктеп кіріп кетеді. Түрі, ол айтқандай, нормаларға сай емес, бірақ кем дегенде төсбелгісі бар екен, өзінің нөмірімен және тобымен. Тек олардың болуы жетіспейтіні анық, себебі арнайы сақтау шарттары қайда? Ол сотталушы аса қауіпті болса не істейміз?
Қорғаушы: Қарсымын! Нөмерлі төсбелгі, тобы жазылғаны, әрине, өте жақсы, сізге жұмысты жеңілдетеді, бірақ арнайы сақтау шарттарының жоқтығы оның ерекшелігі болуы мүмкін, ойламадыңыз ба? Әлде куратор ұмытып кетті деуге болады.
Куәгер: Ерекшелігі ерекшілігімен, бірақ құжаттарды адам жазады - ол адам бұл аса маңызды бөлімдерді ұмытуы мүмкін емес. Дәлелдер үшін тергеу протоколы да керегі жоқ, құжаттың басында тек нөмір мен топ жазылғанын көре аласыз.
Қорғаушы: Меметикалық әсер ше?
Куәгер: Ұйым Сервері ештеңе таппады. Тым болмаса күдіктенетін еді.
Қорғаушы: Білесіз бе, қазір жастар алуан-түрлі, абстракті болып келетін, содан ол меметикалық фильтрден қиындықсыз өту ерекшелігін бар екенін гипотезалардан алып тастауға да болмайды. Клиентімнің субъективті нормалардан өтуі міндетті емес.
Прокурор: Объективті бағалау үшін мақаланың грамматикасына қарау керек. Сот отырысы залында қалаушылар барма? Хатшы?
Хатшы: Білесіз ғой… Отырыс залындағы бәріміздің жазу қабілеті бір дәрежеде екенін…
Прокурор: Солай деңіз… Қорғаушы мырза, бағана арнайы сақтау шарттарының жоқтығын немен дәлелдедіңіз?
Қорғаушы: Клиентімнің ерекшеліктерінің бірі.
Прокурор: Ал, әзірге солай санайық, соттаушыны объективті түрде бағаламағанша.
Сот: Хатшы, өтініш, кейінірек сот залына тіл маманын шақыру керек. Ал, сот мәжілісінде үзіліс жарияланады. Қарастыруды сағат 15:30 жалғастырамыз.
[сот процесінің жазбасының үзіндісінің транскрипциясы: соңы]
« SCP-376-KK | SCP-377-KK | SCP-378-KK »