Өзбекстанда 6500 метр тереңдікте орналасқан ірі газ кен орны табылды. Мұны Ташкент облысының ұстаздарымен кездесу барысында Өзбекстанның басшысы Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Өзбекстан тарихында тұңғыш рет Үстірт өңірінде тереңдігі 6500 метр болатын ұңғыма бұрғыланды. Ол жерден табиғи газдың ең ірі қоры анықталды, — деді Шавкат Мирзиёев.
Оның атап өтуінше, бұл уақытқа дейін Өзбекстанда геологиялық барлау жұмыстары тек 2500-3000 метр тереңдікте жүргізіліп келген.
— Бұл ресурстардан дайын тауар жасау үшін бізге ең алдымен ғылым, білім және инновация қажет, — деді Өзбекстан президенті ұстаздармен кездесу барысында.
Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, Өзбекстанда теллур, литий, графит, молибден, вольфрам, титан және басқа да металлдардың ірі қоры бар.